СІЗДЕ КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ БОЙЫНША СҰРАҚТАР БАРМА? БАСЫҢЫЗ
Тұмауға қарсы да вакцина бар
- Қаралды: 510
15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцина салу науқаны басталды. Бас санитар дәрігер өткен жылдан бері аталған екпені қыркүйек айынан бастап салуға рұқсат берді. Әдетте халық мұндай маусымдық екпе түрін қазан айының ортасында салдыратын. Алайда респираторлық вирусқа қарсы вакцинаны бәрі бірдей ала алмайтыны бар. Сонымен, тұмауға қарсы вакцинаны кімдер ала алады? Оның КВИ-ге қарсы екпемен әрекеттесуі қалай?
Вакцинаны тегін салдыруға бола ма?
Еліміз «Гриппол+» екпесінің 2 млн 500 мың дозасын Ресейден сатып алды. Өткен жылы да аталған вакцинаны көрші елден алдырттық. Одан басқа «Санофи-Пастер», «Инфлювак», «Синовак Биотек» тіркеуде тұр. Тұмауға қарсы екпенің иммунитетте бір жылға дейін сақталатынын ескеріп, жылына бір рет алу керек.
Мәлімет бойынша, жыл сайын 1 миллионға жуық адам респираторлық вирустық инфекция жұқтырса, соның жартысынан көбі – балалар. Себебі балалар тұмаумен ауыруға бейім екен. Сондықтан дәрігерлер ата-анасының рұқсатымен балалардың аталған вакцинаны алғанын құптайды.
«Тұмауға қарсы вакцина алған дұрыс. Әсіресе, күз айларында аллергияның қозып, ағзаның инфекция жұқтыруға бейім екенін ескеріңіз. Вакцина алғасын тұмаумен ауырған күннің өзінде симптомдары жеңіл өтеді әрі жүкті әйелдерге де осы екпе түрін салдыруға болады. Бірақ жүктіліктің алғашқы триместрінде емес, ІІ немесе ІІІ триместрде алған жөн. Егер коронавирусқа қарсы вакцина салдырған болсаңыз, тұмауға қарсы екпе екеуінің арасы бір ай болуы керек. Қандай да бір екпе алмас бұрын дәрігер кеңесіне жүгініңіз», – дейді дәрігер Назым Әбуова.
Әрине, міндетті вакциналаудан бірінші кезекте медицина қызметкерлері өтеді. Одан кейін медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар мен 6 айдан асқан әрі жиі ауыратын нәрестелерге екпе егеді. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері де вакцина алады. Сонымен қатар екпені денсаулық жағдайына байланысты осал топқа жататын азаматтар және қарттар мен мүгедектер үйінде тұратындар салдырады. Оның ішіне жүрек-қан тамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдар кіреді. Егер сіз жоғарыда аталған топтарға жатпайтын болсаңыз, вакцинаны жеке қаражат есебінен салдырасыз.
Дәрігердің айтуынша, вакциналаудан кейін антиденелер 8-12 күннен кейін пайда болады. Соның ішінде егде жастағы адамдарда иммунитет 12 айға дейін сақталады. Әртүрлі жастағы адамдарда екпе алғаннан кейін тұмау вирусына антиденелердің қорғаныш титрлары екпе алған адамдардың 75-92%-ында анықталады. «Гриппол плюс» егудің Ұлттық күнтізбесіндегі белсенділігі жойылған және тірі вакциналары мен БЦЖ және БЦЖ-м екпелерін қоспағанда, бір мезгілде алуға болады.
Ал қандай көрсеткіштер бойынша тұмауға қарсы вакцинаны салдыруға болмайды? Екпе құрамында өте аз мөлшерде тауық ақуызы болу мүмкін екенін ескергеннен, аталған затқа аллергиясы барлар вакцина алмайды. Бронх демікпесі, неврологиялық ауруы немесе тері дерматиті бар адамдар екпеден бас тартуына болады. Өйткені созылмалы аурулардың өршитін кезеңінде аллергиялық реакция беруі мүмкін. Одан бөлек, бұрын вакцинаның мұндай түрін алғанда қандай да бір реакция болған болса, екпе алмағаныңыз абзал.
КВИ жұқтырғандар тұмауға қарсы екпе ала ма?
Айта кетерлігі, мамандар күз мезгілінде денсаулыққа көбірек көңіл бөлу қажетін айтады. Әсіресе, суық тигізіп алсаңыз, КВИ-мен ауырып қалсаңыз, қалыпқа келгесін 2 аптадан кейін тұмауға қарсы вакцина салдыруға рұқсат. Алайда дәрігермен кеңесіп, құлан таза айыққаныңызға көз жеткізу керек.
Бұдан кейін вакцинаның кері әсері бары не жоғы туралы сұрақ туары анық. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, екпе алғасын дене қызуы 0,5 градусқа көтеріліп, тамақ қызаруы мүмкін. Ағзада вирустық инфекцияның симптомдары байқалғанымен, бірнеше күннен соң белгілер жойылады. Сондықтан алаңдаудың қажеті жоқ. Әрі тұмауға қарсы вакцина тек тұмау вирусынан қорғайтынын ескерген жөн. Бұл екпе түрі коронавирусқа қарсы тұра алмайды.
Коронавирус пен тұмауға қарсы вакцинаның әрекеттесуіне келсек, мұны мамандар былайша түсіндірді. Мәселен, Жандарбек Бекшиннің айтуынша, егер адам КВИ-ге қарсы екпе алған болса, екі апта аралықты сақтауы керек. Осылайша, кейінірек екінші вакцинаны алады. Ал алдымен тұмауға қарсы вакцинаны салдырған болса, 2-4 аптадан кейін коронавирусқа қарсы екпе ала алады.
Бірақ кейбір медицина қызметкерлері «сақтансаң сақтайтынын» ұмытпауға шақырады. Мәселен, Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтің айтуынша, коронавирус жұқтырған тұрғындар тұмауға қарсы вакцина салдырмағаны дұрыс. Өйткені ағзада түрлі асқыну симптомы білінуі мүмкін. Оның үстіне иммунитет толық қалыптаспағаннан, кез келген жағдай болуы ықтимал.
«Қазір ерекше қауіп төндіретін екі вирус бар: екеуі де тыныс алу жолдарын қабындырады. Тұмау мен коронавирус ағзада бір мезгілде кездескен жағдайда, қалай әрекет ететінін білмейміз. Біріншіден, үлкен мәселе – біз COVID-19 туралы әлі де аз білеміз. Сонымен қатар КВИ-дің әртүрлі көрінісі бар өте күрделі вирус екенін көріп отырмыз. Оның қауіп-қатер тобы – созылмалы аурулары бар адамдар мен қарт адамдар. Сондықтан егер адамдарды кем дегенде бір инфекциядан, яғни тұмаудан қорғауға мүмкіндік болса, онда қолдан келгенін жасау керек. Әрине, мұның негізі – тұмауға қарсы екпе алу», – дейді №3 қалалық емхананың терапия бөлімінің меңгерушісі Көркем Нұрмағамбетқызы.
Осы орайда тұмауға қарсы вакцинаға қатысты ел арасында тараған «аңыздарға» тоқталып өтсек. Алдымен, «екпе ексең, ауырмайсың» дейтінге келсек, бұл – қате тұжырым. Себебі вакцина алған күннің өзінде тұмаумен ауырып қалуыңыз мүмкін. Барлығы денсаулықты қалай күтетініңізге байланысты. Егер екпе алғасын тұмауратып қалсаңыз, вакцина симптомдардың жеңіл өтуіне, тез айығуға көмектеседі. Ал «вакцинаны өмір бойы бір рет алу жеткілікті» дейтіндерге айтарымыз, тұмауға қарсы екпе түрін шешек пен қызылша сияқты ауруларға арналған вакцинамен шатастырмаңыз. Иә, бұл вакцина түрін жылына бір рет егуге болады. Бірақ бұл бір доза өмір бойына жетеді дегенді білдірмесе керек. Содан кейін «тұмауға қарсы вакцинаны тегін егеді» дейтін жалған ұғым бар. Жоғарыда жазғанымыздай, белгілі бір топқа аталған екпе тегін егеді. Мұндай топқа кірмейтін тұлғалар вакцинаны ақылы түрде салдырады. Ал тұмауға қарсы екпе салу науқаны 15 қарашаға дейін жалғасады.
Айбике ЖАНАСЫЛ
Дерек көз: https://aikyn.kz