СІЗДЕ КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ БОЙЫНША СҰРАҚТАР БАРМА? БАСЫҢЫЗ
Бала емізу және психология: аналарға арналған тренинг
- Қаралды: 99
Бала емізу және психология: аналарға арналған тренинг
«Бала емізуді қолдау – болашаққа инвестиция» ұранымен өтетін Дүниежүзілік бала емізу апталығы аясында №3 Қалалық емханада (Біржан сал көшесі, 1) жүкті әйелдерге арналған тренинг өткізілді. Тренингті «Жас Толқын» жастар денсаулық орталығының психологы Диана Ильяшова жүргізді. Тақырып – «Бала емізудің психологиялық қырлары».
Бұл тренингтің негізгі мақсаты – болашақ аналарға бала емізудің тек физиологиялық емес, сонымен қатар психологиялық маңызын түсіндіру. Көптеген әйелдер жүктілік және босану кезінде уайым, қорқыныш, сенімсіздік сияқты сезімдерге тап болады. Сондықтан тренинг барысында аналарға эмоционалды қолдау көрсету, ішкі қорқыныштар мен стереотиптерді жеңу жолдары түсіндірілді.
Психолог босанғаннан кейінгі көңіл күй ауытқулары, ананың өзін-өзі бағалауы, сенімділік, жақындар тарапынан қолдау мен түсіністік жайлы айтты. Сонымен қатар, бала мен ананың арасындағы байланысты нығайтуда тері байланысы, көзқарас, окситоцин және пролактин секілді гормондардың рөлі ерекше екендігі талқыланды.
Тренинг ашық әрі сенімді форматта өтті. Қатысушылар өз сұрақтарын қойып, тәжірибелерімен бөлісіп, маманнан пайдалы кеңестер алды. Көпшілік тренингтен кейін бала емізуге қатысты сенімсіздік пен қобалжудың азайғанын атап өтті.
Мұндай шаралар аналарға қажетті білім мен психологиялық қолдау беріп, саналы аналық жолына сенімді қадам басуға көмектеседі.


